• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2015

Ұлттың үлгілі ұлықтары бірлікке ұйып, бітімге келген

593 рет
көрсетілді

Кешеден келдік бүгінге деп, қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеп жатқан биылғы жылдың салмағы да, берер тағылымы да, көрсетер өнегесі де аз емес. Соның бастысы, жұртымыз жұтаң жерден шықпаған, арғы-тегі жер төсін шымырлатып шығып жататын таза бастаудай ата тарихымызды, оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, Отанымыз бойынша кең көлемде аталып жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы еді. Осы арада елдігімізді алған елең-алаң тұста барымыздың бағасына қайтсек жетеміз, жоғымызды түгендеудің жолы қандай болмақ, деген сан сұрақты алға тартып, соған жауап іздеп шарқ ұрған сәтте «Егемен Қазақстан» газеті ел тарихы, оның ішінде Қазақ мемлекеттігі мен Қазақ хандығы туралы мақалалар ұйымдастырғанын еске сала кетсек дейміз. Оның алғашқысын көрнекті зерттеуші, бүкіл еңбегі мұрағаттағы деректерге негізделген, тарих ғылымдарының докторы, профессор, бұл күнде арамызда жоқ Жанұзақ Қасымбаев пен белгілі ақын Жарылқасын Боранбаев талдау мақалалар жазған болатын. Іргеміз бекіп, әл-ауқатымыз көтеріліп, абырой-беделіміз асқан тұста, сол алғашқы қадам енді Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен биік деңгейде ұйымдастырылып, төрт құбыламыз түгенделіп, хандық жүйенің қалыптасқан дәстүрі жан-жақты сараланып, үлгі алар ұлықтарымыздың өмір жолы түгенделу үстінде. Сондай Қазақ хандығына арналған алқалы жиын жақында Астанада Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйытқы болуымен «Қазақ хандығынан – «Мәңгілік Елге» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткен еді.

Қазақ хандығының құрылуы қазақ жұртының іргелі елдігін көрсетеді. Пре­­­­­зиденттің өткен жылғы Тәуелсіздік ме­рекесіне арналған салтанатты жиында: «Ұлы Далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан – сол бабалардың заңды мұрагері. Ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздегі маңызды датаны – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтетін боламыз», деген болатын.

Осы ұлы ұғым арқау болған конференцияда Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов «Қазақ хан­дығының қалалары» атты баяндамасында XV-XVIII ғасырлардағы Мас’уда бен Османи Кухистанидің «Та’рих-и Абу-л-Хайр-хани», Бинаидің «Шайбани-наме», Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бухара», Мухаммад Хайдардың «Та’рих-и Рашиди», Зайн ад-Дин Махмуд Васифидің «Бадаи’ал-вакаи», Махмуда бен Валидің «Бахр аль-асрар», Хафиз Таныштың «Абдулла-наме», т.б. иран, тү­рік, қытай, орыс және еуропалықтар тілде­­рін­де жа­зылған еңбектері негізінде қазақ даласында бой көтерген Сайрам, Шымкент, Отырар, Сауран, Сығанақ, Созақ, Әулие-ата, Сарайшық, Үзгент, Жент, Қарнақ, Қарачук, Йунка, Сури, Уранча, Бабан-Елган, өзге де көптеген қалалар мен бекіністердің қалыптасу, даму тарихын, өркендеу кезеңдері мен құлдырау шақтарын жан-жақты сөз етті. Ол сонымен қатар, қазақ халқы көшпенді ғана емес, отырықшы ел болғанын, қала салып, салтанатты сарайлар тұрғызғанын, онда өркениеттің үлгісімен өмір сүргенін тілге тиек етіп, небір ұлтқа керек, жұртқа қажет деректерді атады. Ақиқатына келсек, бүгінгі қазақ тари­­хының көшбасында келмеске кеткен кеңес дәуірінің өзінде қазақ қалыбының өркендеу жолын, өзіндік өркениеті болғанын, оған археологиялық зерттеулер жүргізгенде табылған жәдігерлермен өмір сүру үлгісін көрсеткен ұлы ғалым Әлкей Марғұлан бастаған айтулы тұлғалар тұрғанын естен шығармағанымыз жөн. Қазір солардың ғылыми еңбектеріндегі деректер жан-жақты зерделеніп, азат жұртымыздың бүкіл бітім-болмысын айнадағыдай көрсету үстіндеміз. Жер бетінде жақсысын алтынға орап қойған бірден бір халық болса, ол қазақ екенін кезінде көмескілеу айтылса, енді жарқырап шықты. Бұрын өзімізге тән жауһарларымызға жалтақтай қарасақ, енді бізде де бар екеніне көз жеткіздік. Соның бір дәлелі, академик айтқан қалалар мысал бола алады.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар Дербісәлі Қазақ хандығының құрылуын хатқа түсіріп кеткен М.Х.Дулатидің еңбегіне тоқталып, орта ғасырда Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің ізгі ісін жан-жақты тереңнен қозғап сипаттады. Оның қайнар көзі Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» Махмуд бин Амр Валидің «Бахр эл-асрар фи манакиб ал-ахииар» және белгісіз автордың «Таварих-и гузида-йи нусрат наме» сынды еңбектерінде жатқанын атады. Ол сонымен бірге, қазір төрткүл дүниеге қазақ жұртын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев танытса, орта ғасырда Дулатидің еңбегінен алдыңғы қатарлы Англия сияқты мемлекеттер Қазақ хандығы туралы оқып білгенін жеткізді. «Атақты үнді ғалымы, Орта Азия тарихын зерттеуші профессор Рам Рахул 1999 жылы Дулатидің Нью-Делидегі 500 жылдық мерейтойына арналған конференция­да: «М.Х.Дулати қазақ атын әлемге танытқан данышпан», дегенін алға тартты. Ол Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Керей мен Жәнібек хандарға «Қазақ хандығы» атты жаңа этностық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқарудың тарихи міндеті жүктелгенін нақты деректермен жазғанына мысалдар келтіріп, қазақтың осы екі ханының арғы ата-бабалары Шыңғыс ханнан тарайтынын да атап өтті. Ғалым сөзінің соңында Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы тарих сахнасына көтерілгеннен бастап, талай тар жол, тайғақ кешулерге толы жылдар мен ғасырларды бастан кешкенін, Ақтабан шұбырындыны көргенін, ХХ ғасырда миллиондаған қандастарымыздан көз жазып қалғанымызды, сталиндік террордың зардабы жер бауырлатқанын, кешегі Ұлы Отан соғысында да жоғалтқандарымыздың аз болмағанын тілге тиек етіп: «Жаратушы Иеміз 1991 жылы халқымызды көптен күткен, аңсаған азаттықты Нұрсұлтан Әбішұлы тұсында сый етті. Енді сол қиын жылдар келмеске кетсін деумен қатар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, мәңгілік ел болуға ұмтылуымыз керек. Елімізге Аллатағала соны нәсіп етсін!», деп ойын түйіндеді.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қыз­меткері, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Меруерт Әбусейітова «Қазақ хандығының дипломатиясы» деген ­баяндамасында бұл салада да ұлтымыз­дың өзіндік үлгісі болғанын нақты мысалдармен алға тартты. «Қазақстан мен Орта Азияда мемлекетаралық қатынастар, ел билеушілерінің дипломатиясы күні бүгінге дейін зерттелмегені бірқатар дереккөздерде баяндалады. Дипломатия арқылы ел билеушілері сыртқы саясатты не соғысу арқылы, не халықаралық байланыстарды нығайту арқылы жүргізген», деп мұндай істер дереккөздерінде жазылғанын, Е.Мун­шидің, Х.Таныштың, Сухайпаның жазбаларында және «Бахр-ал-асрарда», «Тухфат ал-ханиде» егжей-тегжейлі хабарланғанын алға тартты. Сондай-ақ, ғалым әртүрлі санаттардағы жазбаша деректерді, грамоталарды, мөрлерді, монеталарды талдап Қазақ хандығының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастарының, тарихына тоқталды. Халықаралық келісімшарттарды, келіссөздерді, елшіліктерді – бәрін де бейбіт жолмен шешу билеушілердің сыртқы саясатындағы әдістері екеніне де тереңдеп барды. Қазақ хандары мен аштариханилердің 1559 жылы жасалған бейбіт келісімшарттарының толық мәтіні «Тарих-и-аламарайи Аббасиде» берілгенін, сол секілді қазақ билеушілері Қазақ хандығының негізінен әскери күштің арқасында қол жеткізген сыртқы саясаттағы жетістіктерін дипломатиялық келісімшарт-актілерінің көмегімен баян етуге ұмтылғанын, келісімшартқа қол қояр алдында құжаттың мәтініне келісу кезінде жүйелі пікіралмасулар болғанын атады. Келісім жөніндегі құжаттар белгілі бір кепілдіктерді қамтып, серіктес­тер арасындағы қатынастарды реттеу, ол тұста ондай іске айғақ куәлерді тарту, құқық­тық жағын жан-жақты қарас­тыруды басты назарда ұстағанын еске алды. Көптеген келісімдерде «одақ» тер­мині «ант» сөзімен ұштастырылып отырған. Мәселен, екі билеуші қол қоя­тын келісімі бір мезгілдегі ант болып есеп­телген. Бұған бір дәйек: «Ауасы жан сергітер келісті жер Келес өзенінің жағасы» (Абдаллах-ханның) бақуат әске­рінің шеруі (көтерген) шаңнан пейіштей пейілді алған кезде көк күмбезіндей сарайға қазақ сұлтандарынан елші келді. Биік табалдырық алдында ол мынадай хабар айтты. Барлық сұлтандар ерен сүйіспеншілік пен шексіз достықтан (ханға) сәлем жолдап, дұғасы (мен) та­қуа­лық құлығын білдіреді. Олар ниеттерінің адалдығын, шексіз беріл­­­­гендігін айтып, (ханмен) бірауызды одақта (болмақ). Бұған қоса олар «біз мәртебелі ханмен жасасқан келісім мен одағымыздан қазір де айнымаймыз», деп мәлімдейді», деген сөздер мысал бола алады. Қазақ тарихын тереңнен зерттеп жүрген профессор әулеттік некелерге қатысты ой өрбіткенде, бұл хандықтардың арасындағы достық байланыстарды нығайтуды көздегенін, соған қызмет еткенін тілге тиек етті. Әулеттік некелер келісімшартының жасалуы кезінде тарту таралығы алмасу, әулеттік некеде одақ құрудың және оны сақтаудың дәстүрге сай қажет бар амалы да ойластырылғанын жеткізді. Профессор соңғы жылдары шет мемлекеттерге жүргі­зілген экспедициялардың нәтижесін­де Қытай, Түркия, Франция, Ұлыбри­тания, Швейцария қорларынан, кітапханаларынан, музейлерінен табылған бірегей материалдар мен құнды жәдігерлер туралы нақты мысалдар келтіріп, оған жұрттың назарын аударды. Әсіресе, Абылай ханның Әбілпейіз сұлтанның, тағы басқалардың көрші мемлекеттер билеушілеріне жолдаған ресми хаттары, дипломатиялық байланыстар туралы, сауда-экономикалық, мәдени қатынастар жайлы мәліметтер де терең зерттеуді қажет ететін секілді. Тағы бір атап айтарлық маңызды жайт, жердің шалғайлығына, қазіргі уақыттағы коммуникациялардай байланыстың болмағанына қарамастан, Қазақ мемле­кеті көрші елдермен тығыз қарым-қатынас жасап тұрғанын тілге тиек етіп, оған қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Ресей, Түркия, Орта Азиядағы ел билеушілерімен хат алмасуы дәлел болатынын да еске салды. Мұнымен бірге, сол дәуірлерде салынған суреттер, ақшалар ерекше есте қалары сөзсіз. Әсіресе, Шайбани ханның, қазақ жауынгерлерінің, т.б. дүниелер ұлт тарихына қосылған үлес деп білеміз. «Парижде кітапханалар мен музей­лердің қорларында жұмыс істеген кезде атақты Гимэ Азия өнері музейінде сақтаулы итальян суретшісі Джузеппе Кастильонидің «Қазақтар сыйлық ретінде жылқы сыйлауда» деген бірегей картинасы алғаш рет табылды. Суретті талдап сараптағанда, ондағы бейнелен­ген тарихи оқиғалар Абылай ханның ел билеген дәуіріне және оның қытай императоры Цяньлунмен дипломатия­лық қатынастарына қатысты екені анықтал­ды», – деген Меруерт Әбусейітова ХVI-ХІХ ғасырлар­дағы ха­лық­­аралық қатынастарға тоқтал­ды. Бұл баянда­мадағы тың деректер, әсіресе, бұл­тартпайтын дереккөздері, оның ішін­де суреттер алдағы уақытта қалың жұрт­тың қолына тиіп жатса, құба-құп болар еді. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, профессор Қалқаман Жұмағұловтың «Түркілер мен қазақтар тарихына қатысты жаңа Батыс деректері» атты баяндамасы да сәтті шықты. «Орталық Азия даласынан шыққан түркілер антик заманы мен орта ғасырлар дәуірінің түйісіндегі ірі этнос еді. Қазақстанның ежелгі тарихы, бұл – ғаламдық түркі тарихының құрамдас бөлігі. Бұл жерде түркі-ғұндардың тарихын терең зерттеу аса маңызды. Себебі, ғұндар IV ғасырдың екінші жартысынан бастау алатын Азия мен Еуропа тарихындағы халықтардың ұлы қоныс аударуы деп аталатын дәуірдің бастамасын қалыптастырды», деген ғалым бұл дәуір әлем тарихының бетбұрыс кезеңі болғанын, өзінің сирек кездесетін құжаттары бойынша Еуропада бірінші орын алатын Ватиканда, Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлім­дерінде ғылыми-зерттеу ізденіс­терін жүргізгенін, онда Ғұн империя­сы, Авар және Түркі қағанаттары тари­­хына, орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақ­стан территориясындағы мемлекет­тік бірлестіктерге қатысты жаңа деректік мәліметтердің анықталғанын, мұның бәрі латын тілінде жазылғанын, жалпы бұл құндылықтарды білу үшін латын не көне грек тілін меңгеру керектігін еске салды. Осы жағынан келгенде, өзінің ол тілдерді жақсы білетінін айтып, Рим папаларының хаттары, хроникалар, саяхатшылардың, миссионерлердің жазбалары және өзге де нарративті сипаттағы мәліметтер Ғұн, Түркі қағанаттары, Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда, Шығыс пен Батыстың Ұлы Жібек жолындағы ықпалдасу тарихына қатысты құнды мәліметтер бар екенін атады. Жалпы, бұл баяндамадағы тың деректер, әсіресе, 452 жылғы ғұн билеушісі Аттила мен І Лев Папаның кездесуін бейнелеген сурет біздің арғы ата-бабаларымыздың қандай болғанын аңғартатынын айтып, «...осы уақытқа дейін бір де бір басылымда кездеспеген Ғұн империясы мен Римге қатысты Аттиланың үшінші бейнесінің алғаш рет менің ізденісім нәтижесінде Ватикан мұражайынан табылғандығын баса көрсеткім келеді», деді. Мұнымен қатар, Қазақстан тарихы, түркі әлемі және Орталық Азия үшін Рим папалары мен Алтын Орда хандарының арасында жазысқан хаттары, өзге де алғаш рет талқыға ұсынған құнды деректер кімді де болса бейжай қалдырмасы анық. Қазақ тарихын зерттеп, зерделеуде үлкен орын алатын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Ханкелді Әбжанов Қазақ хандығының құрылу алғышарттары туралы ой қозғап, Қазақ мемлекеттігінің тарихын, ғылыми таным биігінен дәуірлегенде басты методологиялық ұстанымдарға мемлекеттік тәуелсіздік, аумақтық орналасуы, қоғам мүшелерінің еркіндігі, биліктің тармақталуы, заңның әділдігі мен қолданылуы, жеке тұлғаның тарихтағы рөлі, елдің ішкі-сыртқы бәсекеге қабілеттілігі жататынын, бұл тұрғыдан келгенде, Шу мен Қозыбасыда ту тіккен Қазақ хандығы ұлтымыздың төл тарихының классикалық дәуірін бастағанын, ол үш ғасырға созылып, 1718 жылы Тәуке ханның қайтпас сапарға аттануымен аяқталғанын атады. Х.Әбжанов біздің жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықта пайда болған сақтар мемлекетінен бастап, алда айтқанымыздай, ХV ғасыр ортасында шаңырақ көтерген Қазақ хандығына дейінгі аралықта Еуразияның сайын даласында өмір сүрген мемлекеттердің құрылымы мен елді басқару әдіс-тәсіліне, тіпті заңнамаларындағы ұқсастық пен сабақтастықты санамалап өтті. 15 қазақ ханы билік тізгінін ұстағанын атады. Ол: «Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі халқымыздың бәсекеге қабі­леттілігін куәлендірген ұлы бетбұрыс. Ұлттық санамызға өшпестей жазылғаны соншалық, тәуелсіздік тұсында хандар мен билерге, батырлар мен сұлтандарға құрметіміз жаңа серпінмен сыртқа шықты. «Мәңгілік Ел» идеясының өміршеңдігіне бұл да бір айғақ дәлел екені сөзсіз», деп байлам жасады. Ал «Қазақ хандығының 550 жыл­дығын тойлау және қазіргі Қазақ­стан: дәстүр, сабақтастық және жаңа сұраныстарға жауап» атты сөзінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, тарихтың қоғам өмірі мен ұлттың дамуындағы орны мен маңызына бүгінгі күн биігінен ой жі­беріп, «Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды... Ол жол – сара жол, «Мәң­гілік Елдің» жолы!» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін дәйекке келтіріп, елдің тұтастығы мен татулығын тілге тиек етіп, Мемлекет басшысының 5 институттық реформасы, оны жүзеге асыру жолындағы 100 қадамға назар аударып, 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы іске қосылғанын, содан бергі уақытта ұлт руханиятына ден қойып, жан-жақты зерттеулер жүргізіліп жатқанын, елдігіміздің ерекше бір кезеңі Қазақ хандығының 550 жылдығы екенін атап, бүгінгі алқалы жиын соған арналып отырғанын айтты. Сөйтіп, бұл «Мәңгілік Елдің» алтын қазығы саналатынын жеткізді. Ғалым мұнымен қатар, басталған істі тиянақты жүргізу үшін жаңа бағыттағы ғылыми-зерттеу инс­титуттарын жасақтау, құнды құжаттар орталығын құру, өзге де келелі істерді жұрт талқысына ұсынды. Қазақ топырағындағы әдебиет пен өнердің, жалпы руханияттың алтын ордасы іспеттес Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан: «Қазақ хандығынан «Мәңгілік Елге» дейін» деген баяндамасында университет пен ғылыми инс­титут бірлесіп өткізген бұл алқалы жиында, біз алға қойған бір мақсат, тек қазақтар ғана жиналып алып, тарихымыз туралы сөз қозғай бермей, тәуелсіз Отанымыздағы шетел дипломаттары өкілдерін де қатыстыра отырып, оларды да ұлттық тарихымыздың арғы-бергі кезеңдерінен хабардар етуді ойластырған едік деді. – Ол үшін конференцияны ілеспе аудармамен, кейбір тұста ағылшын тілін білетін азаматтарды шақырып, солардың тәржімасымен жүргізуді жолға қойдық. Бұған қоса алдын ала дайындалған баяндамаларды үш тілде кітапша етіп шығарып, жиналған жұртқа ұсындық. Бірден айтайын, бұл өз нәтижесін берді, дей келіп, «Ежелден қазақ шаңырағының терең қайнар бұлағы мен күн сәулелі күмбезі ұлы дала болды. Сол далада өмір сүрген тарихымызды жасаған тұлғалардың орны қашанда бөлек. Осыдан да болар, тарихты ұлы тұлғалар жасайды деген ұғымның айтылатыны. Егер біздің түркілік негізімізге жүгінсек, сонау Еділ (Аттила) патшадан бастап ұлы далада тарих дамуына өзгеріс әкелген, ұлы істер жасап, қиын сәтте халық қорғаны болған жарқын тұлғалар аз болған жоқ», дей келе ол «қазақ» сөзінің шығу тегіне тоқталып, А.Левшиннің сөзіне жүгінді. Швед саяхатшысы, географ, жазушы Свен Андерстің: «...Олар өздерін «қайсақтар», яғни ержүрек жігіт­тер деп атайды және де өздерінің даладағы жеке өміріне өте риза; олар үшін дүниеде еркіндіктен артық ештеңе жоқ, олар басшылық етуге ұмтылмайды», деген сөзін келтіріп, сол еркіндік сүйгіш халық 550 жыл бұрын өзінің тұңғыш Қазақ хандығын құрғанын, оның басында Жәнібек пен Керейдің тұрғанын атап өтті. Ол кездегі қазақтар өзіне тиесілі жерді жан салып қорғағанын, өзгелерге бір табан да бастырмағанын, б.з.д. ІІ ғасырға жататын қазақ тайпаларының он бес көне жазба ескерткіші «Талас руналары» деген атпен ғылымда мәлім екенін тілге тиек етті. VII-VIII ғасырларда үйсіндер Оғыз қаған туралы эпикалық поэма шығарғанын, оның түпнұсқасы 812-814 жылдары жойылғанын, ал бұл шығарманың қайта қалпына келтірген көшірмесі Париж ұлттық кітапханасының қорларында сақтаулы тұрғанын да еске салды. «Қазақ хандығы кезінде араб әрпінде өз жазуы болды, өз теңгелері соғылды. Одан басқа қазақ хандарының дала заңдары жинағы шықты. Олардың ішінде ең белгілісі – Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заңы, сондай-ақ, билер соты, хан тағы мен тәжі болды», деп орыс деректерінде Мәскеу патшалары Қазақ хандарын «қазақ патшасы» немесе мемлекет басшысы» деп атағанын алға тартып, Қасым хан қайтыс болғаннан кейін кімнің билік басында қалғанын біліп беруін сұраған патшаның бір хаты бар екенін атады. Бұдан кейін ғалым біздің бабалары­мыздың мәңгілік халық, мәңгілік мемлекет құру туралы мәңгілік мақсаты бүгін Нұрсұлтан Назар­баевтың «Мәңгілік Ел» идеясында жаңа мағынаға ие болып отырға­нын, бұл М.Х.Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» кітабында: «Шыңғыс ханның жорықтарына қатысқан барлық түркі тайпалары тарихи тұрғыда түркілер болғанымен өздерін даңққа бөлеу үшін моңғолдар (мәңгілік мемлекет жауын­герлері)», деп жазуының арғы жағында бүгінгі ұлы идеямыз жатқанын еске салды. Профессор өзінің сөзін түйіндерде, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан тарихтың даңғыл жолынан алыста болды деп есептейтіндер қателеседі. Оның көне жерінде барлық адамдар сияқты балалық, жастық және кемелдік шақтарын өзінің өркендеу, күйреп күлден қайта түлеу дәуірлерін бастан кешкен көптеген мемлекеттік құрылымдар тіршілік етті. Тәуелсіздіктің қалпына келуі – біздің бабаларымыздың азаттық үшін көп­ғасырлық күресте келтірген құрбан­дықтарының заңды өтемі. Тағдырдың өз еркімен іске асырған тарихи әділет­тілігінің салтанаты. Кең-байтақ осы жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған аталарымыз бен бабаларымыздың еңбегі», деген терең мағыналы ойын алға тартты. Сонымен, «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деп Әлихан Бөкейханов айтпақшы, азат жұрттың төрт құбыласын түгендеу жолындағы тағы бір қадамы, іргетасы кешеден бері емес, атам заманнан қалыптасқанын дәйектеу жөніндегі идея аясында аталып өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы десек, соған арналған жоғарыдағы алқалы жиында мемлекетімізге керек, ұрпақ ұғынып қана қоймай, есіне сақтайтын небір дерек көздері айтылды. Ендігі жерде ол құндылықтар ғылыми ортада не болмаса оқу орындарында қанат жайып қана қоймай, бүкіл жұртқа жетіп жатса құба-құп болар еді. Әсіресе, жас ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, кімнен тарағанын түсініп, түйсінер еді. Тағы бір айтайын дегеніміз, қазір Отанымыздың барлық өңірінде осындай конференциялар өтіп жатыр. Бұл тағылым алар, өнеге үйренер, ұлттың үлгі тұтар ұлықтарын жан-жақты танып білуге арналса, қане. Тек өткіздік деген есеп үшін бірін бірі қайталап жатпаса екен деген ойды да ортаға сала кетсек артық бола қоймас.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».

Суреттер М.Әбусейітованың жеке мұрағатынан алынды.